Менің бала тәрбиесіндегі үлесім
Түркістан облысы,
Бәйдібек ауданы,
«Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектеп»
мемлекеттік коммуналдық мекемесі
«Менің бала тәрбиесіндегі үлесім»
Мектеп психологы: Куренбаева Шарапат Шамгалиевна
Ақбастау ауылы
«Менің бала тәрбиесіндегі үлесім»
Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп , отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы- адамзаттың қасиетті алтын бесігі. Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа ешнәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын ешнәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындап тұр емес пе?
Халықтың мәдениетін ,әдебиетін , тілін , салт-дәстүрін , тарихын , өнерін сүю арқылы нағыз мәдениетті адамды қалыптастыру бүгінгі жаңа қоғам , тәуелсіз мемлекеттің алдында тұрған үлкен мақсат. Мың жылдық тарихы бар қазақ халқы өз ұрпағын өмірде , отбасында , тұрмыс –тіршілікте батырлық пен батылдыққа, әділдік пен адамдыққа, махаббат пен ізгілікке , инабаттылық пен имандылыққа үздіксіз тәрбиелеп отырған.
Ұлттық мәдениеттің тегі сол ұлттың ұлт болып қалыптаспай тұрған кезінен бастап –ақ , жеке ұлыстардың ұрпағын тәрбиелеуден туындағаны белгілі.Қазақ халқының тәлімдік мәні зор ой -толғаныстары бесік жыры мен батырлық эпостарда , ертегілер мен аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс , термелерде , мақал –мәтелдерде көптеп кездеседі. Мұндағы ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні- адамгершілік-имандылық , ақыл-ой, еңбек , эстетика , дене , отбасы тәрбиесіне байланысты мәселелерге келіп тіреледі.
Дүниенің ең тамаша туындысы – тамаша тәрбие алып шыққан адам. Ежелден мәлім қағида: адам бойындағы таза қасиеттердің пайда болып қалыптасуында отбасылық ықпалдың алатын орны ерекше . Оның ер жетіп өсуі, бойындағы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады. Мектеп партасында отырған баланың жан-жақты тәрбие алуына ең бірінші ықпал ететін ұстаз болса, оның сүйеушісі ата –ана. Сондықтан ата-ана өз баласының білім алуына барынша жағдай жасауы тиіс, оқу үлгеріміне күнделікті назар аударып , қадағалап отыруы керек. Ғалымдардың дәлелдеуінше , бала өміріне қажетті мектепке дейінгі тәрбиені ата –анадан алады, ал мектеп соны дамытады, санаға сіңіреді, өмірге дайындайды.
Мектеп пен ата-ананың міндеті- әр балаға бақыт сыйлау. Бақыт сан қырлы. Бұл адамның қабілеттерін ашып, еңбекті сүйіп, оның жасампаз болуында , бұл өзін қоршаған дүниенің әсемділігінен ләззат алып , басқалар үшін әсемдік жасауында , балаларды нағыз адам етіп өсіруде. Ұлы педагог В.А Сухомлинский атап көрсеткеніндей, жеке тұлғаның қалыптасуы үшін үш субъекті: мұғалім – оқушы - ата-ананың тығыз байланыста жұмыс атқару керек. «Адамға ең бірінші білім емес , рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім- адамзаттың қас жауы , ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», - деп Әл-Фараби бабамыз айтқандай , балаға әуелі блімнен бұрын тәрбие берілуі тиіс.
Шын мәнінде бүгінгі жас - ертеңгі елдің мызғымас тірегі , келешек келбеті. Сол себепті олардың білімді, бәсекеге қабілетті , жан- жақты әлеуметтенуі ел дамуындағы аса маңызды фактор болып табылатыны анық.
Бала тәрбиесі- игілікті іс. Берері де , сұрауы да, жемісі де мол тәрбие саласының ең өзектісі. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік , мейірімділік, адамгершіліктің құнды қасиеттерін сіңіріп, өз- өзіне сенімділікке тәрбиелеуде отбасы мен мұғалім шешуші рөл атқаратыны есте болғай.
Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз- ертеңгі ана , ол шешеге қарап өсіп , бой түзейді. Балаға білім , тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса, оны жалғастырушы , демеуші ата-ана.
«Қызға қырық үйден тыю, бір үйден жию» , «Қызыңды бөтен үйге қондырма , ұлыңды бөтен үйден тойдырма » деп , ортақ талап қойып, ұлдың да , қыздың да ретсіз жүруінің , мезгілсіз қыдыруының жағымсыз екендігін ұқтырып отырған. «Үлкенге – құрмет , кішіге – ізет »деп баланы үлкендерді сыйлауға , кішіге қамқор болуға тәрбиелеген.
«Сіз – деген сыпайылық , біз – деген көмек », «Жаным десе жан семірер » деген мақал- мәтелдер арқылы игілікті істерге бастаған . Сондықтан балаларды кіндік қан тамған жерінің қасиетті тарихы мен мәдениеті және тілін , салт- дәстүрі, әдет- ғұрып ерекшеліктерімен таныстыра отырып , рухани жоғары деңгейде тәрбиелеу ұлы мақсаттардың бірі болмақ.
Қазіргі ақпараттық заманда ұрпақ санасына өз еліне , ұлтына , Отанына деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін дарыту - барлығымыздың ортақ мүддеміз. Осы орайда , халықтық педагогика мен заманауи педагогикалық әдіс - тәсілдерді ұштастыра отырып ұтымды , тиімді пайдалануға болады .